Ендеше Беселиел мен Аһолияп та, Жаратқан Ие киелі шатырды дайындап, тұрғызып, жабдықтаудың бүкіл жұмысын іске асыруға ақыл-парасат пен қабілет дарытқан барлық басқа шеберлер де Оның тапсырғандарын түгелдей жасап шығарсын.
Осылайша Мұса Беселиел мен Аһолияпты да, Жаратқан Ие ақыл-парасат пен шеберлік дарытқан, шын жүректен келіп, жұмыс істеуге тілек білдірген тағы басқалардың барлығын да жұмыстарына кірісуге шақырды.
Олар Исраил халқы киелі шатырды тұрғызуға арнап әкелген сый-тартуларының барлығын Мұсадан қабылдап алды. Бұдан кейін де халық күн сайын ертеңмен Мұсаға өз еріктерімен сый-тартулар әкеліп жатты.
Содан Мұса жарлық шығарып, оны ел қонысына таратқызды: Бұдан былай бірде-бір еркек не әйел киелі шатырға арнап заттар дайындап жасамасын! Сонда исраилдіктер сый-тарту әкелулерін тоқтатты.
Сонымен күллі дарынды шеберлер бірігіп жұмыс істеп, киелі шатырды құруға қажетті заттарды жасап дайындады. Олар жіңішке зығыр және қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл түсті жүн жіптерден шатырдың он жабынын тоқыды. Солардың бетіне керубтердің бейнелері шеберлікпен кестеленді.
Содан кейін шеберлер киелі шатырды жабу үшін қызыл түске боялған қошқар терілерінен де бір жапқыш қапты және оның үстінен жабуға борсық терілерінен тағы бір жабынды біріктіріп тікті.
Шатырдың оңтүстік пен солтүстік бүйір қабырғалары үшін жиырма бөренеден және олардың табандары болатын қырық күміс тағаннан жасалды: әр бөрененің екі шошақ тығыны үшін қос тағаннан дайындалды.
Оны іліп қою үшін ілгіштері бар бес бағана жасалды. Бағаналардың үстіңгі иықтарын және шымылдық ілінетін сырықтар алтынмен қапталды. Бағаналарға арнап қоладан бес таған құйылып дайындалды.