Қақпақтың екі жақ шетіне керуб деген күзетші періштелердің екі мүсінін алтыннан балғамен соққызып жасатты. Олар қақпақпен бірге біртұтас алтыннан соғылып жасалды.
Үстелді көтеріп алып жүруге арналған сырықтар өткізілетін осы шығыршықтар ернеу жиегіне жақын орнатылды. Сырықтар аққарағаннан жасалып, алтынмен қапталды.
Үстелдің қажетті бұйымдары: аяқ-табақтары мен табалары және құйылып ұсынылатын сұйық тартуларға арналған құмыралары мен тостағандары саф алтыннан жасалды.
Беселиел саф алтыннан шам қойғыш та жасатты. Оның тұғыры мен діңгегі, мүсінделген тармақтары, гүл тостағаншалары, қауыздары және бүршіктері түгел біртұтас алтыннан балғамен соғылып жасалды.
Әр тармақта шар тәрізді үш бүршіктен тараған, қауыздарын ашқан үш алтын бадам гүлінен болды. Ал ортадағы діңгекте дәл осындай төрт алтын бадам гүлі болды.
Беселиел шеберлерге ақ қараған ағашынан хош иісті заттарды түтету үстелін де жасатты. Ол төрт бұрышты, ұзындығы мен ені бір, биіктігі екі шынтақтан болды. Үстел (үстіңгі жағындағы төрт бұрышынан) мүйіз сияқты шығып тұрған шошақтарымен біртұтас жасалды.
Ернеудің астына, үстелдің қарама-қарсы екі жағына екі-екіден алтын шығыршықтар орнатылды. Соларға үстелді көтеріп алып жүруге арналған сырықтар кіргізілді.
Адамдар мен заттар киелі шатырдағы қызметке бағышталған кезде оларға май жағу рәсімін жасауға арналған май да, түтетілетін хош иісті заттардың таза қоспасы да дайындалды.