Бұдан кейін Мұса мен Һарон перғауынның алдына барып, оған былай деді: — Исраилдің сиынған Құдайы — Жаратқан Ие мынаны айтады: Менің халқымды жібер! Олар айдалаға барып, Маған арнап мейрам өткізсін. —
Алайда перғауын: — Мен айтқанына құлақ асып, исраилдіктерді жіберетіндей Жаратқан Ие деген кім? Мен Жаратқан Иені білмеймін де, Исраил халқын жібермеймін де, — деп жауап қатты.
Бірақ екеуі: — Бізге исраилдіктердің Құдайы аян берді. Енді үш күндік жердегі айдалаға барып, Құдайымыз Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалуға рұқсат етіңіз. Әйтпесе Ол бізді індетпен не соғыспен жазалайды, — деп нық айтты.
Алайда олардың бұрынғы мөлшердегідей кірпіш құюларын талап етіп, қажетті кірпіш санын еш кемітпеңдер! Олар жалқау, сондықтан да: Біз барып, Құдайымызға арнап құрбандық шалайық! деп айқай салып жүр.
Олар өздері тағайындаған исраилдік бақылаушыларды: Неге сендер кеше де, бүгін де кірпіш мөлшерін бұрынғыдай етіп өткізбедіңдер? — деп, соққының астына алды.
Жаратқан Ие сендерге назар салып, үкімін шығарсын! Өйткені сендер бізді перғауын мен оның нөкерлерінің алдында сасық нәрседей жиренішті еттіңдер! Көзімізді құрту үшін олардың қолдарына қару ұстатып қойдыңдар! — деп бұларға кінә артты.
Мен перғауынға барып, Сенің хабарыңды жеткізгеннен бері ол халықты бұрынғыдан бетер азапқа салып келеді. Ал Өзің халқыңды құтқарамын дегенмен, құтқармадың! — деп налыды.