Егер Құдай тағайындаған діни қызметкер күнә жасап қойған болса, ол мұнысы арқылы бүкіл халықты да айыпты етеді. Діни қызметкер жасаған күнәсінің құнын өтейтін құрбандық ретінде Жаратқан Иеге арнап мінсіз бір жас бұқаны алып келсін.
Бұдан кейін діни қызметкер кездесу шатырында Жаратқан Иенің алдында тұрған хош иісті заттарды түтету үстелінің мүйіз тәрізді шошақтарына біраз қанды жақсын. Ал қалған қанды кездесу шатырының кіреберісінің қасындағы шалынған құрбандықтар өртелетін үстелдің түбіне төксін.
Оның Жаратқан Иемен қарым-қатынасқа ризашылық білдіретін құрбандыққа шалынған мүйізді ірі қараның майларын бөлек алып қоятынындай, осы майларды да бөлек алып қоюы қажет. Діни қызметкер оларды құрбандық үстелінің үстінде өртеп жіберсін.
Егер бүкіл Исраил қауымы Жаратқан Ие тыйым салған бір нәрсені істеп абайсызда күнә жасап қойған болса, ал осы туралы өздері білмесе де, олар бәрібір айыпты болады.
Бұдан кейін діни қызметкер кездесу шатырында Жаратқан Иенің алдында тұрған түтету үстелінің мүйіз тәрізді шошақтарына біраз қанды жақсын. Ал қалған қанды кездесу шатырының кіреберісінің қасындағы құрбандық үстелінің түбіне төксін.
Ол күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа шалынған жас бұқаға не істеген болса, осы жас бұқаға да дәл солай істесін. Осылайша діни қызметкер халықты күнәларының арамдығынан тазартып, олар Жаратқан Иенің кешіріміне ие болады.
Ал жас бұқаның қалған бөліктерін ел қонысының сыртына шығарып, оларды жаңағы бұқаны өртегендей өртеп жіберсін. Бұл — қауымның күнәсінің құнын өтейтін құрбандық.
Басшы текенің басына қолын қойсын. Оны түгелдей өртелетін құрбандықтар шалынатын жерде Жаратқан Иенің алдында шалсын. Бұл — күнәнің құнын өтейтін құрбандық.
Діни қызметкер саусағын күнәнің құнын өтейтін құрбандықтың қанына малып алып, оны құрбандық үстелінің мүйіз тәрізді шошақтарына жақсын. Қанның қалған бөлігін құрбандық үстелінің түбіне төксін.
Діни қызметкер оның бүкіл майын қарым-қатынасқа ризашылық білдіретін құрбандықтың майы сияқты құрбандық үстелінің үстінде түтетіп өртеп жіберсін. Осылайша діни қызметкер сол басшыны күнәсінің арамдығынан тазартып, ол Жаратқан Иенің кешіріміне ие болады.
Діни қызметкер саусағын құрбандықтың қанына малып алып, оны құрбандық үстелінің мүйіз тәрізді шошақтарына жақсын. Қанның қалған бөлігін құрбандық үстелінің түбіне төксін.
Оның Жаратқан Иемен қарым-қатынасқа ризашылық білдіретін құрбандықтың майын бөліп алып қоятынындай, осы құрбандықтың бар майын да бөліп алып қоюы қажет. Діни қызметкер майды құрбандық үстелінің үстінде түтетіп өртеп жіберсін. Оның хош иісі Жаратқан Иеге ұнамды. Осылайша діни қызметкер адамның орнына оның құнын өтеуші құрбандық ұсынып, ол Жаратқан Иенің кешіріміне ие болады.
Діни қызметкер саусағын құрбандықтың қанына малып алып, оны құрбандық өртелетін үстелдің мүйіз тәрізді шошақтарына жақсын. Қанның қалған бөлігін құрбандық үстелінің түбіне төксін.
Оның қарым-қатынасқа ризашылық білдіретін құрбандықтың майын бөліп алып қоятынындай, осы құрбандықтың бар майын да бөліп алып қоюы қажет. Діни қызметкер майды құрбандық үстелінің үстінде Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылатын басқа құрбандықтардың үстінде түтетіп өртеп жіберсін. Осылайша діни қызметкер адамды жасаған күнәсінің арамдығынан тазартып, ол Жаратқан Иенің кешіріміне ие болады.