Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: Моаб халқы көптеген зұлым істер істеп келеді. Сондықтан Мен оларға шығарған үкімімді жоймаймын. Моабтықтар Едом патшасының сүйегін әк іспетті күйдіріп қор қылды.
Сол үшін Мен Моабқа от жіберемін. Сол от Кериоттың сарайларын жалмап қояды. Сонда Моаб айқай-шудың әрі әскердің шабуылдап атой салып, керней тартқан дауыстарының астында күйрейді.
Жаратқан Ие мынаны да айтады: Яһуданың халқы көптеген зұлым істер істеп келеді. Сондықтан Мен оларға шығарған үкімімді жоймаймын. Яһудалықтар Мен, Жаратқан Ие, тапсырған Таурат заңын менсінбей, ережелерімді орындамай кетті. Бұрын ата-бабалары құлшылық еткен жалған тәңірлердің жолына енді бұлар да түсіп, адасты.
Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: Солтүстік Исраилдің халқы көптеген зұлым істер істеп келеді. Сондықтан Мен оларға шығарған үкімімді жоймаймын. Исраилдіктер әділ жанды күміске, кедейді бір жұп аяқкиімге айырбастай салады.
Олар кедейдің басын жердің топырағына таптап, бейшараны жолынан итеріп баса көктейді. Әкесі мен баласы екеуі бірдей бір жас әйелге барып, Менің киелі есімімді қор қылады.
Олар өздеріне қарыздар адамнан кепілдікке алынған жамылғыны құрбандық үстелінің қасына төсеп жатады. Жұртқа айып төлетіп алған шарапты өздері табынған тәңірсымағының ғибадатханасында ішеді.
Ал Мен ежелде халқымның көз алдында самырсындай биік, емендей мықты Амор халқын күйреткенмін. Сонда Мен оның төбесіндегі жемісі мен түбіндегі тамырын да біржола құртқан болатынмын.