Алайда Надаб пен Әбиһу Синай атты елсіз далада Жаратқан Иенің алдында оттың Ол бұйырмаған бөтен түрін ұсынғандары үшін өлім құшқан болатын. Олардың арттарында бала да қалмаған еді. Сондықтан жалғыз Елазар мен Ітамар ғана әкелері Һаронның қасында діни қызмет атқаратын болды.
Себебі тұңғыш атаулы Менікі. Мен Мысыр халқының барлық тұңғыштарының көздерін құртқан күннен бастап, Исраилдің барлық тұңғыш ұлдарын да, малдың тұңғыш төлдерін де Өзіме бағыштадым. Сондықтан олар Менікі болуға тиіс. Мен Жаратқан Иемін.
ауланың перделеріне, киелі шатыр мен құрбандық үстелінің айналасындағы ауланың кіреберісіндегі пердеге және арқандарға күтім жасау әрі соған байланысты барлық жұмыстарды атқару.
Бұлардағы санақтан өткен, жасы бір айдан жоғары еркек кіндіктілерінің жалпы саны сегіз мың алты жүз болып шықты. Олардың жауапкершілігінде киелі шатырдағы қызмет болды.
Қахаттықтар Келісім сандығын, (нан тартулары қойылатын) үстелді, шам қойғышты, құрбандық үстелін және хош иісті заттарды түтету үстелін, киелі шатырдағы қызметте қолданылатын құрал-саймандарды және шымылдықты қарап, оларға байланысты барлық жұмыстарды атқаруға тағайындалды.
Мерариліктердің орындайтын міндеті киелі шатырдың бөренелеріне, көлденең сырықтарына, бағаналарына, тағандарына және барлық құрал-жабдықтарына күтім жасап, соларға байланысты бүкіл қызметті атқару болды.
Киелі шатырдың алдында, оның шығыс жағында Мұса, Һарон және оның ұлдары қостарын тігетін болды. Оларға исраилдіктердің атынан киелі шатырды басқарып, бақылап қорғау міндеті жүктелді. Ал соған жақындаған бөтен адам өлтірілуге тиіс болды.
Мұса мен Һарон Жаратқан Иенің берген нұсқауына сай Леуі руын өз әулеттері бойынша түгендеп санақтан өткізгенде, олардағы жасы бір айдан жоғары еркек кіндіктілердің тіркелген жалпы саны жиырма екі мың болып шықты.
Содан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп нұсқады: Исраилдіктердің жасы бір айдан жоғары барлық еркек кіндікті тұңғыштарын санақтан өткізіп, аты-жөндерін тізімге тірке.
Осылайша исраилдіктердің барлық тұңғыш ұлдарының орнына леуіліктерді Маған бағышта; Мен Жаратқан Иемін. Исраилдіктердің малының барлық алғашқы төлінің орнына леуіліктердің малы да Менікі.
Сонда есімдерінің тізіміне сәйкес есептегенде, исраилдіктердің жасы бір айдан жоғары еркек кіндікті тұңғыш болып туғандарының жалпы саны жиырма екі мың екі жүз жетпіс үш болды.
Исраилдіктердің барлық тұңғыш ұлдарының орнына леуіліктерді, барлық малының орнына леуіліктердің малын ал. Леуіліктер Менікі болып Маған арнайы қызмет етуге тиіс; Мен Жаратқан Иемін.